Бүгін,27 қараша,2024 жылы мектебімізде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, «Аманат» партиясының мүшесі, «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі Ерлігі үшін», «Белсенді қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған, «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» белгісінің иегері Оразкүл Асанғазықызымен кездесу өтті.
Оразкүл Асанғазықызы Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы болып тұрған уақытта, елордадағы 700 нысанның аты қазақшаға ауыстырылды. Ел астанасындағы «бөгде атаулы» нысандар ғана емес, ескі атаулы көшелер де жаңа атқа ие болды.
«Қазақтың қайсар қызы» деп ат қойып, айдар таққан Оразкүл Асанғазықызын көпшілік қауым ұлттың ұлылығын ұлықтап, мемлекеттік идеологияны негіздеудің үлгісін көрсетіп жүрген азамат ретінде бағалайды. Себебі, ол саналы ғұмырының мазмұнды кезеңдерін, өнегелі өмірінің парасатқа толы беттерін жас ұрпақты тәрбиелеуге, ұлттық дәстүрді сақтаудағы қазақ тілінің рөлін арттыруға, отбасының ұйытқысы – әйелдің қоғамдағы орнын анықтауға арнап жүрген жан. Кеш барысында қазақ тілінің тарихы, бүгіні мен ертеңгі болашағы туралы сөз болды.
Оқушылар көкейтесті сұрақтар қойып, кездесу мазмұнды өтті. Мектеп оркестрі күй орындап, 9 «А»-сынып оқушысы Түгел Әмина ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қарасөзін оқыса, 8 «А»-сынып оқушысы мектебіміздің жас өнерпазы Мухамбетжанова Самира ән салды. Рухани кешті мектеп директоры Азиханова Сауле Мыңшалқызы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оны оқыту сапасын арттыру туралы сөздермен түйіндеді